Астанада «Kazagro/Kazfarm-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмелері жұмысын бастады. Үш күнге созылатын іс-шараға әлемнің 21 елінен келген үздік 250 агроөнеркәсіп кешені компаниясы қатысып жатыр.
«Қазақстан сияқты мемлекеттер үшін агроөнеркәсіп кешені ауылдың тағдыры деп айтсақ артық емес. Сондықтан ауылдың, сол ауылда тұратын азаматтардың болашағы бүгінде осындай жаңа технологиялармен байланысты. Бұл көрмелердің әріптесі саналатын Германия 40 компаниясын әкеліп отыр. Соған орай көрме жай ғана технологияларды ұсыну алаңы емес, мемлекетаралық қарым-қатынас тірегіне айналып отыр», — деді халықаралық іс-шараның ашылуына сөз алған Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мұндай көрме еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен ықпалын тигізетіндігін атап өтті.
«Қазақстан Орталық Азияда ауыл шаруашылығы саласының көшбасшысы саналады. Бүгінгі таңда еліміз 20 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімін өндіреді. Қайта өңдеу саласы 6 млрд долларды құрайды. Республиканы азық-түлікпен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Мұның бәрі ауыл шаруашылығының дамып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы 5 жылда ауыл шарушылығына тартылатын инвестиция көлемі 2,2 есе артып, 2,2 млрд долларға жетті. Экспорт көлемі 5 млрд долларға жетті. Алдағы 1-2 жылда экспорт көлемін 10 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді вице-министр.
- Written by: administrator
- Posted on: 11.11.2024
- Tags: News